Осыған байланысты көптеген проблемаларды шешуге аудандық ішкі істер органдарының қарымы жете бермейді. Соның ішінде тіркелген қылмыстарды ашуда полиция қызметкерлеріне жүктелетін міндеттер де еселеп артып отыр. Шағын ауданға бөлінген қызметкерлер тұрғындардың көптігі себебінен өз міндеттерін тиянақты атқара алмауда. Әсіресе оперативтік ізшілдер құрамының қарымы қысқа. Тұрғындардан түсетін арыз-шағымдар да уақтылы қаралмайды. Сондай-ақ тұрғын үй мен жер қатынастарын реттеуде де аз санды болуы себепті ішкі істер органдары осалдық танытып отыр. Осының бәрі әлеуметтік кикілжіңдердің тууына себепші болатын түрі бар.
Аталмыш себептер халқының саны көшіп келушілердің есебінен үнемі артып отыратын Астана төңірегіндегі осы ауданға қосымша полиция бөлімшелерін ашуды талап етіп отыр. Аудандық ішкі істер бөлімінің қазіргі штаттық құрамы 157 адам, ал бекітілген норматив мұнда қосымша 245 адам алуды қажет етеді.
Дәл осындай проблема облыстың Бурабай ауданында да бар. Мұнда полиция қызметкерлерінің штаты 259 адам, ал норматив қосымша 145 бірліктің ашылуын талап етеді. Щучье-Бурабай курортты аймақ болғандықтан мұнда жыл сайын бір миллионнан артық турист келеді. Сондай-ақ халықаралық және республикалық деңгейдегі мемлекеттік шаралар да жиі өткізіліп тұрады. Тәртіп сақтауда белсенділікті арттыру үшін бұлардың бәрі полиция қызметкерлерінің молырақ болуын қажет етеді. Оның үстіне сауықханалар мен казинолар да мұнда жетерлік. Тәртіп сақтау міндетін атқару үшін облыстық ішкі істер департаменті мұнда шаралар өткізілгенде басқа аудандардан қызметкерлер тартуға мәжбүр болуда. Ал ол үлкен шығынды талап етеді.
Қылмыс санына келетін болсақ, бұл аудандарда олардың еселеп өскенін көреміз. Мәселен Целиноград ауданында 2007 жылы 226 қылмыс тіркелсе, 2017 жылы оның саны 1301-ге жеткен. Бурабай ауданында да сондай тенденция байқалады. Мұнда тиісінше 708 қылмыс тіркелсе, былтыр 1125 қылмыс орын алған.
Осыған байланысты Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалда, нақты шешім қабылдау үшін тиісті органдардың өкілдері жергілікті жерге барып, мәселені зерттеп, осы екі ауданның полиция қызметкерлерінің санын тиісті нормативке келтіру туралы тапсырма беруін өтініп отырмыз.
Дәурен ӘДІЛБЕКОВ,
Сенат депутаты